2015 жылғы 29 қазанда лицейде танымал сүйікті әншіміз, актриса, сахна жұлдызы Айгүл Иманбаевамен қызықты кездесу өткізілді.
Кездесуге 7-11 сынып оқушылары мен ұстаздар қауымы қатысты.
Айгүл Иманбаева - Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының талантты кәсіби әртісі, киноактриса, тележүргізуші, Қазақстан Республикасы «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, бірнеше халықаралық фестивальдердің жүлдегері, «Азия дауысы» халықаралық конкурсының «Қазақ әндері» номинациясы бойынша Бас жүлде иесі, жеке «А.И.» театрының директоры,
Ж. Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжі мен Құрманғазы атындағы консерваторияның ұлағатты ұстазы, бұған қоса шебер пародист десек те артық болмас.
Алматы қаласы мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының 11 сынып оқушысы Асылжанның асыл анасы.
Аталған кездесуді ұйымдастырғандағы мақсатымыз – оқушыларға патриоттық сезімдерін қалыптастыру мен көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие беру. Өз мемлекетінің танымал адамдарын, олардың өнерін таныту.
Кездесу барысында қыздарымыз бен ұстаздарымыз көптеген сұрақтар қойып жатты. Тек өнер төңірегінде ғана емес, сонымен бірге Айгүл ханымның балалық шағы, мектептегі өмірі, болашақтағы жоспарлары туралы естуді қызық көрді. Айгүл Иманбаеваның шырқаған әндері мен орындаған өлеңі керемет әсер қалдырды. Оқушылардың сұрақтарына берген жауаптары әртістің жоғары мәдениетін, терең білімін, бай эрудициясын көрсетеді.
Кездесудің соңында лицей директоры Акбулут Халил Ибрахим мырза барлығының атынан Айгүл ханымға алғысын айтып, шығармашылықта әрдайым биік шыңнан көрінуіне тілек білдірді.
Оқушылар мен ұстаздар сүйікті әртісімен суретке түсіп, сэлфи жасап, біразға дейін сахнадан жібермеді.





