2017 жылғы 13 желтоқсанда лицейде «Үш тілде білім беру – заман талабы» тақырыбында қалалық семинар-практикум өткізілді.
Мақсаты: Қазақстандықтардың үш тілді еркін меңгеруі туралы идеяны тәжірибе жүзінде іске асыру, пікір алмасу.
Қатысушылар: Алматы қаласы Білім басқармасы, Қалалық әдістемелік кабинетінің мамандары, Алматы қаласы мектептерінен 70-тен аса физика, химия, биология, информатика пәндерінің мұғалімдері. Мұғалімдер ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «Ustaz» Professional Learning Centre ұйымдастырған «Билингвалды пән мұғалімі» білім беру бағдарламасы бойынша 2017 жылы 11 сәуір – 15 желтоқсан аралығында ағылшын тілінде 480 сағаттық курстан өтті. Мұғалімдердің ағылшын тілін білу деңгейлері Халықаралық CEPT тестінің В1 дәрежесіне жетті. Семинар-практикум аталған курстың қорытындысы ретінде өткізілді.
Лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері Алиева Г.Д., Қабдыл Ж., Кибад Р., математика пәнінің мұғалімдері Буюкалчын М., Гюр Т., информатика пәнінің мұғалімдері Мәмірей Ұ.Т., Менгельс А., физика пәнінің мұғалімі Аляз А., химия пәнінің мұғалімі Елюбаев О., биология пәнінің мұғалімі Кусаинова А.Е. сабақтарын көрсетті. Семинарға қатысушылардың пікірлері бойынша сабақтар жоғары деңгейде өткізілді. Оқушылардың жаратылыстану-математикалық пәндерін ағылшын тілінде жақсы меңгеруі қазіргі талаптарға сай.
Семинардың практикалық бөлімінде аталған пәндер бойынша Білім көрмесі өткізілді. Онда қонақтарымыз оқушылардың химия, физика, биология пәндері бойынша ұсынған эксперименттеріне қатысты, ал математика және тілдер пәндері бойынша түрлі интеллектуалдық ойындарға қатысып, белсенділік танытты. Информатика мұғалімдері қыздарымыздың өздері жасаған робототехника туындыларын тамашалады.
Семинар мәжіліс залында жалғасты. Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, филология ғылымдарының магистрі, 20-шақты оқушысы республикалық, 100-дей оқушысы аудандық, қалалық олимпиадаларының жеңімпаздары атанған Түрел Байрам «Lifelong learning for a Smart approach» - «Дарынды балаларды оқыту барысында өз білімін жетілдіру» тақырыбы бойынша баяндама жасады.
Лицей оқушыларының өнерін де көрсеттік. 9-сынып оқушылары: «Жұлдыздар тоғысқанда» («Так сложились звезды») атты Тұңғыш Президент туралы көркем фильмде Нұрсұлтан Әбішұлының қызы Алияның рөлін сомдаған және 2016 жылы Германия мен Румынияда, 2017 жылы Австралияда өткен Халықаралық тіл және мәдениет фестивалінде ІІІ жүлделі орынға ие болған Сағи Венера мен Парижде өткен Халықаралық мәдениет фестивалінің лауреаты Өтеген Аружан «Қазағым менің» әнін бірлесіп айтты. Аталған фестивальдарға қатысқан бишілер тобы төрт халықтың ұлттық билерін орындады.
Қорытындылау сөзінде Алматы қаласы Білім басқармасы жалпы орта білім бөлімінің бас маманы Абдиманапова Қарлығаш Акановна семинар-практикумның заманауи талаптарға сай, көрсетілген сабақтар мен берілген ақпарат шақырылған ұстаздарға көп пайдасын берері туралы айтты.