News

        • Қастеев мұражайына саяхат
          • Қастеев мұражайына саяхат

          • 2017 жылғы 5 қазанда 10-сынып оқушылары мен ұстаздары Алматы қаласындағы мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайына барды.

            Мақсаты – ҚР Елбасының «Болашаққа бағдар: РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ» мақаласында көрсетілген «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру, оқушылардың эстетикалық, интеллектуалдық көзқарасын дамыту.

            Оқушыларды мұражай өте қызықтырды. Әсіресе, қыздарымызға қазақтың ұлттық әшекейлері мен сырмақ, алаша, тұскиіз, текеметтер ұнады.  

            Мұражай гидтері қазақтың, сонымен бірге әлемдік өнер тарихымен, жаңа экспозициялармен таныстырды.

            Бұл сапардан мол әсер алған оқушыларымыздың Отанға деген сүйіспеншілігі одан әрі артады деген сенімдеміз.

             

        • Университетпен байланыс «Назарбаев Университеті»
          • Университетпен байланыс «Назарбаев Университеті»

          •         Лицеімізде жоғарғы сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру жұмысына үлкен назар аударылады. Себебі мамандық және университет таңдау бүкіл өмірлеріне, болашағына әсер етеді. Қазақстандағы және шетелдегі университеттер туралы көптеген мағлұматтар беріледі. Назарбаев университетінің өкілдері биыл да келіп, оқушыларға қажетті ақпарат берді, мазмұнды презентация жасады. 

        • Жеңіспен оралған ұстазымыз!
          • Жеңіспен оралған ұстазымыз!

          • Кенжебаева Жанна Онгарбековна – география пәнінің мұғалімі.

            Педагогикалық еңбек өтілі - 23 жыл.

            2017 жылы 5 қазанда Мұғалімдер күніне орай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі еліміздің бас қаласы Астанаға білім беру саласына қомақты үлестерін қосып, жоғары жетістіктерге жеткен 50-шақты ұстаздарды шақырып, «2017 жылдың үздік педагогі» атағын берді.  ҚР Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлы ұстаздарға медаль мен сертификаттарын тапсырды. Олардың ішінде біздің ұстазымыз Жанна Онгарбековна туралы үлкен мақтанышпен айтқымыз келеді.

                 Лицейге дейін ұзақ жылдар бойы Семей қаласындағы мектептерде қызмет етіп, Семей қалалық «Үздік педагог» байқауында бас жүлдеге, облыстық деңгейде ІІ орынға ие болды.

               Ұстаз өз пәні бойынша «Жасыл экономика - болашақтың экономикасы», «Жердің топонимикалық негіздері» бағдарламаларының авторы, 6-сыныпқа арналған тест жинақтарының, 6-7 сыныптарға арналған жұмыс дәптерлерінің, «Сын тұрғыдан ойлау технологиясы бойынша ашық сабақтар үлгілері», әдістемелік көмекші құралдың құрастырушысы. Көптеген мақалалары жарық көрді.  

                      Географиядан Ұ.Ә.Есназарованың Республикалық атаулы мектебінің 20 жылдығына арналған жинаққа Кенжебаева Ж.О. туралы мәлімет енген.

            Сүйікті ұстазымыз Жанна Онгарбековнаны шын жүректен құттықтай отырып, жұмысыңыз әрқашан жемісті болсын деген тілек білдіреміз!

        • Өзін-өзі басқару комитетін сайлау
          • Өзін-өзі басқару комитетін сайлау

          • 2017 жылғы қыркүйекте лицейде оқушылардың өзін-өзі басқару комитетін сайлау науқаны басталды. Әдеттегідей 11-сынып оқушылары өз міндеттерін 10-сынып оқушыларына тапсырады.

            Өзін-өзі басқару комитетін құрудағы негізгі мақсат – оқушыларды ересектер өміріне қатыстырып, өз беттерінше шешім қабылдап, іс-шараларды өткізуге үйрету. Сол себепті жыл сайын өзін-өзі басқару комитетінің құрамы ауысып тұрады. 10 сынып оқушыларының ішінен ұйымдастыру қабілеттеріне сай өзін-өзі басқару комитетінің мүшелері сайланады. Үміткерлер өз бағдарламаларын көпшілікке ұсынады. Оқушылар дауыстарын өздерінің таңдаған үміткеріне береді.

            Әсіресе Президент сайлауы қызықты өтеді. Әр үміткердіңсыныптастары үлкен насихат жұмысын жүргізеді, үміткерлер туралы ақпарат береді. Бұл жолы 3 қазанда өткен лицей Президентінің сайлауына 2 үміткер қатысты. Нәтижесінде көпшілік дауыспен Жеңісқызы Ақнар лицей Президенті атанды.

            Лицей әкімшілігі оқушылардың бұрынғы Президенті Сауытбекқызы Талшын мен өзін-өзі басқару комитетіне атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтып, жаңа сайланған комитетінен оқушылардың оқу-тәрбие жұмысын жақсартуда үлкен көмек күтетінін, сенім артатынын білдірді.

        • Әжелермен кездесу
          • Әжелермен кездесу

          • 8 «С» сыныбының жетекшісі Султанова Самал Кадырбаевна 2017 жылғы қазан айында Халықаралық қарттар күніне арналған әжелермен кездесуді ұйымдастырды.

            Мақсаты – қарттарға әрдайым құрмет пен қамқорлық көрсетуге оқушыларды үйрету.

            Сынып сағатының тақырыбы - «Отбасы құндылықтары».

            Эминова Айлиннің әжесі Махотина Наталья Григорьевна мен Сыздық Садияның әжесі Сапаргалиева Алевтина Михайловна тақырыпқа сай оқушылармен керемет сұхбат өткізді, қыздардың сауалдарына толық жауап берді. 

            Бір отбасында үш әулеттің бірге тұруы – нағыз отбасылық бақыт болып табылады. Ата-әже, әке мен ана, балалар мен немерелер отбасылық дәстүрлерді жалғастырып, бір-біріне деген сүйіспеншілігін арттырып, басқаларға үлгі бола алатынына көзіміз жетті.

            Дөңгелек үстел барысында оқушылар да өздерінің отбасылары туралы, әсіресе ата-әжелері жайында әңгіме қозғады.

            Қадірлі қонақтар оқушылар мен ұстаздарға кездесу үшін ризашылығын білдіріп,  ақ баталарын берді.

        • Мұғалімдерге құрмет
          • Мұғалімдерге құрмет

          • 2017 жылғы 2 қазанда лицейдің өзін-өзі басқару комитеті мен

            11-сынып оқушылары мұғалімдер ұжымына ұмытылмас күн сыйлады.

            Дәстүр бойынша таңертеңгілік жиын алдында лицей ауласында барлық сынып оқушылары жұмысқа келе жатқан ұстаздарды қошеметтеп, шапалақтап, гүл сыйлап, үстеріне арнайы мантия кигізіп, суретке түсіріп жатты.

            Биылғы жылы оқушыларымыз британ жазушысы Дж. К. Роулингтің Гарри Поттер туралы романдары бойынша сценарий жасап, қызықты күн ұйымдастырды. Бүкіл мектепті «Hogwarts school» атап, мұғалімдерді «Hufflepuff»«Gryffindor»«Ravenclaw» атты 3 топқа бөліп сабақтар өткізді. Сабақтар ішінде дене шынықтыруда мұғалімдер жаттығулар жасап, волейбол ойнады. Сурет сабағында көркем қиялдарға берілді. Сонымен бірге танымдық ойындар, пәндер бойынша тестер өткізілді.

            Үздік оқушыларымыз кесте бойынша 7-10 сыныптарға алдын ала дайындалып, сабақ берді. Өзін-өзі басқару комитетінің мүшелері әкімшілік қызметін де атқарды.

            Мұғалім болу қиын екенін мойындап, қыздарымыз ұстаздарына жақсы тілектерін айтып жатты. Әр мұғалімге жазылған керемет тілектерін таратты.

            Сабақтардан соң оқушыларымыз ұстаздарына арнап керемет концерт ұйымдастырды.

            Лицей директоры  Сегизбаева Г.А.  барлық  ұстаздардың атынан оқушыларға алғысын білдіріп, болашақта мұғалім қатарын көбейтуге шақырды.

        • Педконсилиум өткізу дәстүрі
          • Педконсилиум өткізу дәстүрі

          • 2017 жылғы 11-12 қазанда І тоқсанның аяқталуы қарсаңында лицейде ата-аналарға арналған педконсилиум өткізілді. Ата-анамен байланыс жасаудың бір түрі болып келетін бұл іс-шара оқушылардың білімін жақсартуға да оң әсерін тигізеді. Бір мезгілде барлық мұғалімдерді кездестіріп, әр пән бойынша баласының жағдайын нақты біле алады. Мұғалімдер алдын ала өз пәндері бойынша әр оқушының үлгерімі, сабаққа қатысуы, сонымен бірге сыныптастары мен мұғалімдерімен қарым-қатынасы жөнінде мәлімет дайындайды. Сонымен бірге лицей әкімшілігі, медбике мен психологтар да ата-аналармен әңгімелесіп, өз кеңестерін береді.

            Тағы бір қолданылатын тәсіліміз - «Edupage» технологиясы. Аталған технология бойынша әр ата-ананың электрондық поштасына күнделікті қызы туралы барлық мағлұмат жіберіледі.  Әсіресе жұмыстан қолы босамайтын немесе іссапарда көп жүретін ата-аналарға керемет мүмкіндік болып табылады.  

            Бірінші тоқсанның аяқталуына 2 аптадай уақыт бар. Педконсилиумның арқасында баласының қандай нәтижелермен келе жатқанын білген ата-ана өз тарапынан қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.

        • «Olympiad of metropolises»  химия олимпиадасы
          • «Olympiad of metropolises» химия олимпиадасы

          • 2017 жылғы 04-09 қыркүйек аралығында Ресей мемлекетінің астанасы Мәскеу  қаласында «2nd International Olympiad of metropolises» атты халықаралық химия олимпиадасы өткізілді. Барлығы 22 мемлекеттен 300-дей оқушыны қамтитын 36 команда қатысты. «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының құрамында лицейіміздің 11-сынып оқушысы Сауытбекқызы Талшын мен 10-сынып оқушысы Темиргали Аяжан да қатысты. 

            Оқушыларымыз ІІІ орынға ие болды.  Мұғалімдері - Елюбаев Олжас.

      • Login