2017 жылғы 2 қазанда лицейдің өзін-өзі басқару комитеті мен
11-сынып оқушылары мұғалімдер ұжымына ұмытылмас күн сыйлады.
Дәстүр бойынша таңертеңгілік жиын алдында лицей ауласында барлық сынып оқушылары жұмысқа келе жатқан ұстаздарды қошеметтеп, шапалақтап, гүл сыйлап, үстеріне арнайы мантия кигізіп, суретке түсіріп жатты.
Биылғы жылы оқушыларымыз британ жазушысы Дж. К. Роулингтің Гарри Поттер туралы романдары бойынша сценарий жасап, қызықты күн ұйымдастырды. Бүкіл мектепті «Hogwarts school» атап, мұғалімдерді «Hufflepuff»«Gryffindor»«Ravenclaw» атты 3 топқа бөліп сабақтар өткізді. Сабақтар ішінде дене шынықтыруда мұғалімдер жаттығулар жасап, волейбол ойнады. Сурет сабағында көркем қиялдарға берілді. Сонымен бірге танымдық ойындар, пәндер бойынша тестер өткізілді.
Үздік оқушыларымыз кесте бойынша 7-10 сыныптарға алдын ала дайындалып, сабақ берді. Өзін-өзі басқару комитетінің мүшелері әкімшілік қызметін де атқарды.
Мұғалім болу қиын екенін мойындап, қыздарымыз ұстаздарына жақсы тілектерін айтып жатты. Әр мұғалімге жазылған керемет тілектерін таратты.
Сабақтардан соң оқушыларымыз ұстаздарына арнап керемет концерт ұйымдастырды.
Лицей директоры Сегизбаева Г.А. барлық ұстаздардың атынан оқушыларға алғысын білдіріп, болашақта мұғалім қатарын көбейтуге шақырды.
